Әлі есімде: ескі мектеп… Ақжарық…
Жас күнімнің елесі әлі – жап-жарық.
Ағаш атта жүруші едік асыр сап
Шаршы топты шығамыз деп қақ жарып!
Балалық шақ – әнгіме-жыр сенгісіз.
Серік батыр! Бала емессіз енді сіз.
Шаршы топты шыға алдың ба қақ жарып?
Ол – белгісіз… Ол әлі де – белгісіз!
Белгілісі – өмір-керуен көшеді.
Қалайша тез? Кеше еді ғой… кеше еді…
Біреу тіпті сол бір ескі мектепке
Жүгін артып кіріп алған, – деседі.
Ескі мектеп… әлі тұр ғой құламай…
Еске алу да қиын оны – жыламай!
Балалықтың құйыны жүр, сол жерде –
Аманжолдың сиыры тұр, құдай-ай!..
Ескі мектеп, елесіңді сағынам.
Сен куәсің гүл-дәуреннің таңына.
Дүниеге жаңа мектеп келді де
Жастығымды көміп кетті-ау шаңына!
Ескі мектеп! Жоқсың ба сен еш жерде?!
Қабырғаңның бояуы да өшкен бе?
Есіңде ме, төртіншіні тамамдап,
Бесіншіге… жігіт болып көшкенде…
Есіңде ме, Бағдаттың өлеңі,
Жанып тұрған қоламтадай шоқ – өңі?
Бағдаттың өзі ұмытып қалса да
Ұмытатын… сенің жөнің жоқ еді!
АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК