Құдай-ау, осы жүректен

 
Құдай-ау, осы жүректен,
Қай жаққа қашсам құтылам?
Жарыққа басы байланған,
Өрекпіп соны өбе кеп.
Алып шам – Алаш!
Айналған –
Жүрегім – көзсіз көбелек…
Жанынан ұшып, жақындап,
Тұрады қарап неге кеп?
Отына түсіп, лапылдап,
Кете ме көзсіз көбелек?!
Сан қырға салып назарын,
Айтады сайрап құс әнін.
Біреудің тартып азабын,
Білмейді қайда ұшарын.
Шарлайды шалғай Ай төсін,
Шатасып күнде, тілді алмай.
Отан іздейтінін қайтерсің,
Ошағын қарық қылғандай…
Кім алар дейсің еміреніп,
Шіркіннің көрсе түр-өңін.
Соғатын өксіп, тебіреніп,
Тентектеу менің жүрегім!
Топас болсаң да қашпайын,
Кеудемнің кесіп кеп, етін,
Жүректі айырбастайын,
Жүрегін кім бар беретін?!
Жанымды айырбастайын,
Жүректі алып тастайын,
Ол – ғашық бола бастаса,
Мен – пасық бола бастайын…
 
 
 
АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *