Ауру-ау мына ауылдың бәрі, білем,
Түсі де бұлағының сары күрең.
Миы жоқ.
Жүрегі жоқ,
Дүниеге –
Қарайды боқ сасыған қарынымен…
Жаһаным жазыла ма кеселінен?
Сонымен бір қасірет кешемін мен:
– Ақындар өлеңімен емдеп, әуре,
Пенде әуре – өртеп оны өсегімен.
Өмір – от.
Өсек те – өрт.
Көремін мен,
Көруге бола туған төл едім мен.
Осынау болмысыммен,
Өлеңіммен
Екі оттың ортасында өлемін мен…
* * *
Тірлікте бірде – дана,
Бірде – есермін.
Құдай-ау, бұған дейін кімге сендім?
Шарабын Әзәзәлдің өзі-ақ алсын,
Мен енді қымыз ішіп күн кешермін.
Бос кеткен жылдарды ойлап, айларымды,
Өткенге тісім қатты қайралулы.
Бір тәңір ойранымды өзі кешсін,
Отыз жыл салып өткен сайранымды!
Дүниеге салып жүріп сайранымды,
Жырладым отқа оранған ойларымды.
Құранның құдіретімен дінге сендім,
Мен енді тәңірімен тілдесермін.
Адамың жылан сынды аяр болса,
Аллаға сенбегенде –
Кімге сендім?!
АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК