ҚЫЗЫЛ ЖАЛАУШАМЕН ҚОШТАСУ

Бауырын – бауыры жалмаған,
қой деші мына қырғынға?!
Дүниені – өзімдікі деп,
һәм өзгелердікі деп бөліп,
Адамзат ашылып араны,
барады – бір-бірін жек көріп…
Қош, туым, ойнап бала боп,
балалықты да қойғанбыз,
қызыл боп ойнап қызынып,
ақтарды біз де сойғанбыз.
Қызыл құрлықта тудық біз –
тарс жабық жатқа есігі,
дүниежүзілік картада,
жоқ енді оның есімі…
Қысқы сарайды алғам жоқ.
Рейхстагқа да барғам жоқ,
мен емес сенің ұланың,
коммуна – елес, тұл – әнім,
қош, туым, Саған қарасам,
келеді бірақ жылағым…
* * *
Мына бір есер неме – пенде кісі,
Езулеп уағыз айту – елдегі ісі.
Өзінің дімкәстігін өзі сезбей,
Өзгені келеді енді емдегісі.
Кім қазір сұлулыққа сүйінеді?
Жер мен көк өртеніп түр, күйіп өңі.
Мына бір сайқал қатын сақ–сақ күліп,
Арбайды ауру–сайқал дүниені.
Шөл кеулеп суы қайтқан кемерінен,
Ауру жер – мына бір жер, белеңімен.
Жатырда жатқан күллі шаранасын
Бүлдіріп жатыр сасық шеменімен.
 
 
 

АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *