Қара шал, тізгін тартып, бөгел бері!

Қара шал, тізгін тартып, бөгел бері!
Өксікті айт өмірдегі, өлеңдегі.
Мағжан, Сәкен кеткен дүниеге
Сен-дағы жатырсың ба жөнелгелі?!
Қоя тұр…
Екі араны жалғаймыз да,
Екеуміз егіле әнге салмаймыз ба?
Сен жоқта шыққан тегін, түбін білмес
Тексіздің тұқымы боп қалмаймыз ба?!
Қоя тұр…
Бастан қанды ғасыр өтті.
Жай өтпей, өр кеудеңді басып өтті!
Соңында – шерін қозғап, боздап сүйген
Қазағың қап барады қасіретті!
Сұм ажал, ақынсың ба, батырсың ба –
Қайтеді, атам да жоқ, ақылшым да.
Алаштың азаттығын көзбен көріп,
Алаңсыз аттанғалы жатырсың ба?!
Ендеше, хош дейді ұлың қасіретті.
Соңы бір замананың, басы да – өтті.
Артында – шыққан түбін білетұғын
Ұлы бір ұлыс қалды қасиетті…
 
 
 

АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *