Шошқаның басы, қалқиып екі құлағы,
Желінбей қалды…
Тамам жұрт іштен тынады,
Көңілі босап, ананы еске ап, мынаны,
Көршіміз Миша көшерде өксіп жылады…
Әйелі – неміс, белорус оның сүйегі,
Қия алмай отыр қазақтың жерін киелі.
Оң жағында – Еркебай,
Сол жағында – Серкебай,
Екеуін бас сап ернінен былш-былш сүйеді.
Ағыл да тегіл – арақ пен шарап өзені,
Мишаның бүгін бір белден асар кезеңі.
Елжіреп отыр, бәрі бар шығар о жақта,
Еркебай менен Серкебай жоғын сезеді.
Қайтерсің осы – заманың бастан озғасын,
Тереңнен шерді қозғаса шарап қозғасын:
Мишамыз қойып, солығын баса бергенде,
Еркебай мен Серкебай енді боздасын.
«Айналып соғар, аман бол, ата-мекенім!
Кетемін! – дейді – Мишамен бірге кетемін…»
«Көшеміз» – дейді, көлікті болсын көштері,
Көкесі күтіп тұрса егер онда екеуін.
Түйенің қомы болса да, аттың жалы – бақ,
Жетісер онда, бұ жақта жиған малы ғап.
Әйелі неміс Мишаның өзі қиналды,
Қайтеді, ей, мыналар, қазақтың қызын алып ап?!
…Сталин қайда болмайтын екі – дегені?!
Бір дауыл келіп шайқалтты біздің кемені.
Көңілі бірге ел-жұртты салып әуреге,
Көш-қон деген әбігер қайдан кеп еді…
АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК