Шашубайша сөз алып ағайынға,
Қайың да жоқ сөйлесер маңайымда.
Қайда жүрсің Жәнібек? Осы өлеңді
Жәкемнің бір әні деп салайын ба?
Жылап келіп дүниеге, күле бердім,
Көкірегімде болған соң – жүрегі ердің.
Жаман заман жағамнан алды-дағы,
Орнымнан мен де өре түрегелдім.
Көкірегімде болған соң – жүрегі ердің.
Көк аспанға кеудемді тірегенмін.
Көк Тәңірін көрген соң, жер тәңірін,
Елең қылмай, бетіммен жүре бердім.
Жүре бердім сенше, өмір сүре бердім,
Жер құштым да сан мәрте, – түрегелдім,
Сақылдап бір күлу ме дүние жалған?
Күле бергім келеді! Күле бергім…
Артым – ойран болғанда, алдым – мейрам,
Ұша-ұша, қанатым, талдың қайран,
Қазақ болып жаралған ғажап екен,
Шашубайдай жалғанда салдым сайран.
Айхой, жалған,
Салдым сайран,
Артым – ойран,
Алдым – мейрам,
Ғаламның дидарына қалдым қайран-ай!
АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК