Цивилизация

Цивилизация! Аждаһа құсап ақырған…
Алдымды кілең қайыршы менен аш торып –
Күндерім қайда, күбіден қымыз сапырған,
…Арағыңды ішіп отырмын ләйліп – мас болып!
Бойда қан барда құрушы ма еді тек деген,
Темірге иленіп не түрлі?
Цивилизация! Мен сені иттей жек көрем –
Үрейлі үндіс секілді!
Цивилизация! Көкірегім – улы шер менің,
Шайқадың неге шаңырағымды – құтымды?!
Қалаға әкеп,
Даламды қалай жерледің –
Анамды жерлеген сықылды?!
«Көшпенді» деген кекесін тиіп шекеме,
Керуенім шықса, болармын әлі жолбасы,
Әлемді кезіп, әлі де көшіп кетер ем,
Жұмыр жер – Атом Бомбасы…
О, Бөрі – Бабам, жан берер шақта жет ұлып,
Мұнартып мазар санада.
Феодализмнен секіріп,
Жеткенім – ажалхана ма?!
Қу басың түгіл, ие бола алмай ауыңа
Қайда барасың, замана?!
…Садақпен шапқан, мылтық ұстаған жауына
Ырзамын қайран бабама!!!
 
 
 

АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *