Хан тағында –
Осы ұлыстың қолына ұстап бағын да,
Орал ағам табын қосты – табынға.
…Сәмет жұрттың жауша тиді малына.
Заулап өтті содан кейін ағын жыл,
Көзден ұшқан сағым-дүр.
Орал ағам жылқышы әлі атақты,
Сәмет сиыр бағып жүр…
Сары аязда сақылдаса тісі кеп,
Көз алдына құба қылаң түсі кеп, –
Оятады ат үстінен Оралды,
Қалың жылқы кісінеп!
Тұяқсыз қалса алап – тұл.
Орал ағам арғымақты – қанатты ұл,
Қайда әлгі Қара айғырдың үйірі,
Қайда әлгі Құла айғырдың үйірі?!
Қара бұқа Сәметке қарап тұр…
Ел аманда, жұрт тынышта жұтаған,
Есіл малды табарсың қай бұтадан,
Қабақ түйіп қарап тұрған Сәметке,
Қорқам осы бұқадан!
Жалғыз қосты паң дала,
Қарайғанға қарайтындай шамдана:
Өзегіме құйылады өлең боп,
Өмір дейтін екі түрлі баллада…
* * *
Сау емес дүние – қояншық, құдай біледі.
Құлақ тынады жылаған, күлген дауыстан,
Қара жамылған ғаламзат сақ-сақ күледі –
Ақылы ауысқан!
АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК