Төсектен тұрып шәйі көйлегің есіліп,
Есікті аш, жаным.
Тағы да келдім кешігіп…
Өзекті өмір өртейді,
Тарқат өкпеңді
Кінәмді қойшы,
Күнәмді тағы кешіріп!
Ғалия, мен ғой…
Көктемді келген көшіріп,
Бекзада сынды бетімен жүріп, көсіліп
– Босаға жақта отырам ойда мұңайып,
Боқ дүниеде төрдің де барын кеш ұғып.
Баратын жерге бара алмай жолым кесіліп,
Мен жүрген кезде керуен соғып кешігіп,
– Бетсіздің бәрі ойранды салып осында,
Тексіздің бәрі сайранды салсын есіріп!
Бесінге дейін көкбөрі көкке бес ұлып,
Барларда басым мәңгірсе мәнін кеш ұғып,
Арсылдап үрген қаптаған иттің ішінен
Қасқырдың даусы жетеді талып кешігіп.
…Күн де ауар бастан,
Күнәмді күллі ел кешіріп,
«Рауан, мен ғой…»
Көгіңді келген көшіріп:
Әкеңді іздеп,
Әлемді кезіп жүрсің бе?
Елес болсам да келдім ғой саған…
Кешігіп…
АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК