Тұр, мінеки, қағаз да қат болғалы.
Ақын түгіл, дәлдүріш те сорлады!
…Бізге қарап, улы ащы мысқылмен
Жымияды ұлы орыс орманы…
* * *
Қазақтың бесік жыры – қара өлеңі,
Туғанда есігімнен қарап еді.
Несіне есігімнен қарап еді,
Ес жисам – ел жұртымның қаралы өңі.
Алдында Абайы жоқ жан секілді,
Қазағым бір ғасырда қанша өкінді.
Ақымақ атқа мінсе адыраңдап,
Топастық – таққа мінген хан секілді!
Тектісі мәрттігіне жүгіндірген,
Тексіздің түрін көріп – түңілдім мен.
Жақсысы жалғыз туып, таланған соң,
Жаманы күшікше өріп, үріп жүрген…
Ит пенен итше ғұмыр кешемін де,
Кетемін басқа әлемге, көшемін де.
Сыртымнан соғып небір өсегін де,
Күңкілдеп жата берсін төсегінде.
Несіне жалт қарадым есіл үнге,
Болар ма бұдан бөлек несібем де.
Оңаша неге қалдым ұятыммен
Уілдеп жата бермей бесігімде?!
Боздасаң, ал, кәнекей, бозда, жырым,
Жүректің түбінен кеп қозға мұңын.
Алаштың азасымен оятып ал
Күңкіл мен күлкі аздырып, тозған ұлын.
АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК