Тұрысынан, жүрісінен танимын

Тұрысынан, жүрісінен танимын,
Топырақтан ақын туса егіз болмақ негізі.
Мұзарт шыңда туған Мұқағалидың
Ібітанов Еркін екен – егізі.
Егізді айтсаң ет жүрекке толар мұң,
Шатыршаның шалғайынан жол құлап.
Қадырдың да егізі бар…
Оралдың
Құмында жүр ол, бірақ.
Ақын да бір, қажы да бір, шырағым,
Ауылынан сапар шеккен Меккеге.
Алашына тастамаса сыңарын
Олжас ағам Альпіні асып кете ме.
Әлихан мен Нарманбетте – негізім.
Мен айтпасам айтар анау жел оны.
Ақтоғайда қалған менің егізім,
Елін қиып кете алмай жүр – себебі.
 
 
 

АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *