Түсімде неге ылғи барда отырам?
Ішкенім ірің болып зорға отырам…
Төлеужан неге тағы аңырап тұр?
Шеменнен бір босайтын шаңырақ – бұл:
Өзі іште,
Ал, қақпаның ар жағында
Иесіз қалған қойы маңырап тұр!
Рас па, қалай сенем түсіме мен,
Менің де жылап жатқан ішім – өлең.
Жұматай – мұнда,
Сыртта – Кенежирен
Жер тарпып тұяғымен, кісінеген.
Мұқағали – бейне алып Жер тіреуі,
Жүзінде – бардың күллі өрті-лебі:
«Алаштың ақындарын осында әкеп,
Немесе байлап қойып өлтіреді…» –
Деді де шығып кетті,
Қара да тұр:
Ол қазір мұнда емес, – Жер-Анада тұр.
Түлкінің боғы екен-ау көрген түсім,
… Барға енді басқа ақындар бара жатыр.
* * *
Біз жоқпыз Будда келгенде.
Малдасын құрып, мазасыз ойда тұр әлі.
Мойнына бұршақ салып ап сол бір шерменде
Азған құлына аспаннан медет сұрады.
Иса да келген, Ібіліс, жынмен арбасып,
Сап тимақ болып өртіңді, өңез дертіңді.
АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК