Телефондап шығармашы есімді.

Телефондап шығармашы есімді…
Бара алмаймын тойыңа да тамаша.
Көптен күткен мен бүгінгі кешімді,
Бір әйелмен өткіземін оңаша…
Сағатың да тұрып қалар тілсіз ғап
Қос ғашықтың тиіп кие, дуасы.
Әсем әуен, бүкіл әлем үнсіз ғап,
Боламыз бір құпияның куәсі.
Еркін әлі кірмей жүрген есімді
Алмаңдаршы! Тыныштық қой – тамаша.
Көптен күткен мен бүгінгі кешімді
Бір әйелмен өткіземін оңаша.
Мейлі, асау тойдағыдай мас болған
Басы айналсын! Одан кісі өле ме?
Мейлі, жұрттың қаңқу сөзі аспаннан
Жасын құсап жаусын-ай кеп төбеме…
Жыртам түнгі самолеттің кесірлі,
Билетін де, Жерде қалам! Тамаша!
Көптен күткен мен бүгінгі кешімді,
Бір әйелмен өткіземін оңаша.
 
 
 

АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *