Тас-талқан боп құрсаулы мұз-кеніш те

Тас-талқан боп құрсаулы мұз-кеніш те,
Күннің нұры лап қойып мұз берішке –
Жалт қарады жалпақ әлем аң-таң ғап
Тәй-тәй басқан Һомо Сапиенске.
Қыс – Заманның қаһарынан еті өліп,
Әзер шыққан тұмауратып, жөтеліп –
Басы айналған Һомо Сапиенс тұр
Жерден алғаш өз бауырын көтеріп…
Жұмыр Жерде жан-жануар қауышып,
Үнге толды үңгірлер мен тау іші.
Мұз құрсаудан шапшып аққан тасқыннан
Жаңғырады Сарқырама дауысы.
Мәңгі Көктем келгені ме? Шалқарда
Арайланып атып жатты бал – таңдар.
Босып жүрді таутеке мен киіктер,
Жосып жүрді мамонттар мен тарпаңдар.
Алғаш рет еске түсіп бас қамы,
Қарын қамы – ойламады басқаны –
Садақпенен жебені ойлап тапты да
Сатырлатып көздеп ата бастады!
Қарын қамы жаулап ойын, сезімін
Олжалы боп еті де өсті көзінің.
Жебелері – таутекені жаусатқан –
Жайпады енді бауырларын өзінің!
«Неткен сұмдық!»
«Өлім дей ме?!»
«Не дейді?!!!»
Неге біреу мұның қылмыс – демейді?
 
 
 

АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *