Сүйдім мен сені: сүюден таптым жазамды.
Жаһанымда да, жанымда жоқ бір келісім.
Мас болып сүйіп алмаспын енді мазаңды,
Қайтейін енді? Қасірет шекпе мен үшін.
Күдіксіз сүйдім, үмітсіз сүйдім не біліп,
Сызданып жүрек, қызғанып,
құрбан – мал-жаным.
Беріліп сүйдім, сөгіліп, жылап, егіліп!
Өзгеге де өстіп сүйікті болып қал, жаным.
* * *
Біржан салды байлап тастап,
Поштабайға қамшы ұстатқан қазақтан,
Ақын туса – көз ашпайды азаптан.
Шер мен шемен, – шаңырақ та, жонда да.
Ата-бабам арманда өткен бақыл боп.
Қасақана әкім болмай, сонда да
Кеттім мен де ақын боп.
Жерді айналған Күн де күңгір, Ай да оңбай,
Басқа қонған бақ құсын да тептім мен.
Қасақана мыңды айдаған бай болмай,
Ақын болып кеттім мен.
«Қойшы, Серік, сандалма» –
Дедім талай, дегенменен, дедім мен.
Қайта тусам мынау опасыз жалғанға,
Ақын болар едім мен!
Тұраныңда туғасын
Еншім – осы енді, өмір.
АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК