Сол бір шақтың қателігін… мерейін

Сол бір шақтың қателігін… мерейін
Сен де ұмытпа, мен де «Елес…» демейін.
Есіңде ме? Түспесе егер есіңе
Өлеңіммен өзім айтып берейін!
 
Ерке күннің елесі шын өшкен бе,
Есіме алам деп пе ем соны өскенде?
Есіңде ме: төртіншіні тамамдап,
Бесіншіге… жігіт болып көшкенде.
Жүгірмектер ер жетуге асық боп,
Кеудесінен көпке жалын шашыпты от,
Шулатып ек дүйім жұртты, хат жазып
Кластағы аруларға ғашық боп!
Есіңде ме, сондағы пәк құштарлық?
Бірақ… Бірақ – кездесіп бір іштарлық –
Бәріміз де бір-ақ күнде ғашық боп,
Бәріміз де бір-ақ күнде ұсталдық!
Бір класта махабаттың өрені
Сүйгені үшін көздің жасын төледі.
Есіңде ме, Бәтимаға ғашық боп,
Бағдаттың сонда жазған өлеңі?
«Көрген жоқпын сендей аққу құсты мен!
Сенсіз ғүмыр – жалған елес… түс, білем.
Ұшқыш болам – өзің үшін! Сонан соң
Алып кетем Сені жердің үстінен!» –
Деген өлең есіңде ме, жоқ-ау, ә?
Кәрілік кеп жетектейді молаға,
Ұмыт болар көрген қызық, сөнген от, –
Мұндай жырды ұмытуға бола ма!
 
 
 

АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *