Сарыарқам – жасыл жайлауым!
Көрінген белге көшемін:
Жүгімнің шешсем байлауын
Өз үйім – өлең төсегім…
Топырағым – тұмса бұлақ па,
Сайыма гауһар сапырған.
Жарымның даусы құлақта,
Құраулап құлын шақырған.
Көтеріп Күнді шаңырақ
Қаз-қатар ошақ-от – алап.
Қырымда қозым жамырап,
Төбемде – түйем боталап…
Қойын-қонышы мекеннің,
Құмарта елтіп құс-үнге,
Жұмақта жатыр екенмін –
Өңім бе, әлде… Түсім бе?
Елес боп кетті ар жағы,
Отауға зілді жетті леп,
Қатынның айғай салғаны,
– Қайыршы кіріп кетті! – деп.
Пендеге – пенде мазақ па?!
Мал қалып, үй-жай, жан қалып,
Қайыршы көрген қазақ па,
Қарадық оған таңғалып…
Құм кешіп келген, шөл кешіп,
Кім мынау, тектес монахқа?
– Есікте тұрма, төрге шық –
Дедім мен қыдыр – қонаққа.
АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК