Жанымды айырбастайын,
Жүректі алып тастайын:
Ол – ақын бола бастаса,
Мен – әкім бола бастайын.
Топас болсаң да қашпайын,
Кеудемнің кесіп, көк, етін,
Жүректі айырбастайын,
Жүрегін кім бар беретін?
Кім алар дейсің еміреніп,
Көрсе егер оның түр-өңін?
Соғатын өксіп, тебіреніп,
Тентектеу менің жүрегім.
Сүйгенде отпен ойнаған,
Күйгенде күл ғой десек те,
Думаннан думан қоймаған,
Туғаннан нашар есепке…
Қызбайтын жерде қызды ептеп,
Шуаққа жалт-жұлт бұрылған.
Жалғанға жарық іздеп кеп,
Түнекке барып ұрынған.
Бұлқынып жатыр, әне, бұл
Бұлықсып сезім мың ырғақ.
Сұлуды сүйген пәле бір,
Сұмдықты көрсе – шырылдап!
Көрінген заттан дір еткен,
Жүретін жері – жұт, ылаң.
АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК