У шығады ұлыңның,
Бал шығатын тілінен.
Жүрегі жоқ, буыны
Тілі сұмдық уытты.
Бауырының суығы,
Бауырымды суытты.
Қыран көрем түсімде,
Құзғынға ашқан аранын.
…Жыландардың ішінде
Жылан болып барамын!
Бауыры – мұз, жатыры,
Аяр жаны сол бұзық –
Арбап алды ақыры,
Айыр тілін сорғызып!
Құтқар мына залымнан,
Зәрі бойға тарады:
Удың өзі, балыңнан,
Тәтті болып барады…
Қыран болар деуші едің,
Алла айырып ағынан, –
Тәте, қазір мен сенің
Ақ сүтіңді сағынам!
Көресімді көрсеткен,
Тағдыр болса – көтердім.
Енді білдім, емшектен
Бекер шыққан екенмін…
АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК