– Есіме түсіп кетті…
Ол – ақын.
Осындай да… бір кезде бұзық кісі болатын…
Айдауыңа жүрмейтін, айтқаныңа қосылмай –
Жер бетінде желікпе адамдар бар – осындай!
– Білем… өлең жаза ма?
– Көкірегін мұң тырнап –
Екі сөздің бірінде «Елім!» – дейді сұңқылдап!
– Халық десе ғажап қой!
Сен… не… оған қарсы ма ең?
– Сондай тобыр бар бізде – айдайтұғын қамшымен!
– Тобыр?!
– Тобыр!
Көнетін – қандай тәртіп орнаса!
Халық деген немене, айту үшін болмаса?!
Икемі жоқ өмірге,
Өлім десе өкіріп…
Көпке шашпай топырақ, тек сыйлай сал өтірік!
– Сонда халық…
– Қақсама!
Өздері өліп құтылып –
Шәкәрімдер аузына кеткен екен түкіріп!
– Алдың Дантес атағын…
– Өшір бықсық өртіңді!
Халық жауы – Шәкәрім!
Оны – халық өлтірді!
– Соңғы сөзің?
– Өмір – тұл!
Тірі жан жоқ қасымда:
Халық жауы өріп жүр –
Балқантаудың басында!!!
АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК