Қолыңнан сүйем, ерніңнен сүйгіз басқаға.
Көңілімде – дауыл, көзімде – тамшы жас қана.
Өзіңді көксеп, өзіңе ғана тәнті боп
Өзгемен өмір кешуім неткен масқара.
Қолыңнан сүйем, ерніңнен сүйгіз басқаға.
Сергелдең ғұмыр кешумен кеткен Серігің,
Түсінбей кетті періште қайсы, пері – кім.
Қолыңнан сүйсем түсіме түнде кіреді
Жат еркек сүйген алаудай ыстық ерінің.
Түсінбей кеттім, періште қайсы, пері – кім.
Жүректе білем, бір шеру барын қайнаған,
Аспаннан аң-таң қарайды ылғи Ай маған.
Көктемде күллі ел көгеріп, гүлге айналса,
Мен, жаным, өстім өртеніп, – күлге айналам…
Жүректе білем, бір шеру барын қайнаған.
Өрт едім өзім, отқа ұқсас пішін, порымы,
Баз кешіп, жүріп, басылмай кеткен солығы.
Қолыңнан сүйем. Мен сүйген кезде лап етіп,
Өртеніп кетіп жүрмесін соның орыны?
Өрт едім өзім, отқа ұқсас пішін, порымы.
АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК