Жүрегімнің, немене, аһ ұрғаны,
Нендей дауыл кеудемнен лапылдады?
XX-шы ғасыр да кеткелі тұр –
Қырық жастан аспайтын ақындары…
Жүрегімнің, немене, аһ ұрғаны?
Қош, ғасырым! Музамен тебіреніп,
Мұқағали боп сүйдің – еміреніп.
Тереңіңе күмп етіп түсті-дағы,
Жұмекен де тұншықты – Сені көріп.
Бір жасадың – Музамен тебіреніп.
Кеңшіліктің кім алды шыбын жанын,
Қайтсем санап тауысам – қырылғанын.
…Темір ғасыр балқытқан Темірхандар,
Гүлнарларым, төгілген – бұрымдарың,
Сендер аман болыңдар, құлындарым.
Сендер аман болыңдар,
Дұшпаның – кіл,
Сальеридей аяр ғой, құшқаны – тұл.
…Ақындарды жалмаған жалмауыздай,
Мынау ғасыр тұғырдан ұшқалы тұр…
АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК