Жанған жарық жалп етіп өшті де алдан

Жанған жарық жалп етіп өшті де алдан,
Көпбай молда көзінен көшті жалған.
Көше берсін…
Көктегі тәңір үнін
Ақжарықта жүріп ол естіп алған…
Жынды қуса, сұмды да, дертіңменен,
Рұқсатсыз үстіне ел кірмеген.
Ақжарықтан Көпекең зікір салса,
Ақтоғайда алпыс үй селкілдеген.
Ол күңіренсе – көк пен жер жылағандай,
Мәйітке де тіл бітіп тірі адамдай.
Арбағанда жыланды мерт бопты о да –
Алламыздың кәріне шыдай алмай!
Атеизм малтасын езіп беріп,
Қарапты оған ел-жұрты сезіктеніп.
«Алла бар» – деп айтыпты сол атамыз
Итжеккенді жиырма жыл кезіп келіп…
Қына шыққан сүйегі сайда қалып,
Көкке рухы қанатын жайғаны анық.
…Қызыларайға бір ғасыр керек әлі
Есту үшін Алла үнін Айға барып…
 
 
 

АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *