Енді қайттім? Қалсақ-тағы кешігіп,
Кел қағайық дүрсілдетіп екеуміз
Басқарманың кеңсесінің есігін!
Кел! Айтайық Фучик жайлы… бар адам
Жан ұшырған даусына жалт қараған!
Кел! Айтайық! Айғай болсын жыр біздің!
Соғыс жылы… он үштегі бір қыздың
Босана алмай… өлгендігін – баладан!!!
Кел! Айтайық! Естіп-білсін бар адам!
Кел, үкім мен әшкерлеудің толқыны!
Терең әлі – қасірет пен сор түбі…
Жер алыбың кетер ме екен бір аунап?
Кел! Соттайық үкім кесіп ауыр-ақ,
Басқарманың кеңсесіне сол күні
Кіре алмаған сорлыларды тауып ап!
Сонау соғыс… тұр – тарихта, тұр – есте.
Қорқақтар да – бара алмайтын күреске,
Бәрі есімде, тән мұздап, бой теңселер.
Көргенімді айтайыншы, ел сенер:
Көтер Қолды! Зұлымдықпен күреспе,
Ит жанды адам, – сорлы болғың келсе егер!
Сонда азаптың ащы дәмін білерсің,
Ездігіңе –
Ерше қарап… күлер сұм,
Бетіменен кеткен жынды кілең сұм
Ақыныңды шірітсін де түрмеде,
Аруыңды қатын қылып жіберсін…
Алаш! Мұны есіңе ала жүрерсің!
АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК