Бүркітбай – өзің.
Әкең – Сламбек-ті.
Сламбек – Қызыларайға қыран текті.
Аһ ұрып Ақжарықтан аттанғанда,
Кеудеңде талай шерлі жыр-ән кетті.
Ақжарық саған қарап жаутаң қағып,
Арқары Ақсораңның арқандалып;
Асырып алты қырдан сен ән салсаң,
Қырық қыз тұрушы еді-ау аң-таң қалып.
Таудан сап, қырдан салып, ойдан салып,
Ойыңнан – ел-жұрт кетпей, бойдан – шабыт.
Жаманға жүруші едің ойран салып,
Жақсымен жүруші едің сайран салып!
Сен кеттің,
Қызыларайдан қызық кетті.
Орныңа – ұры-қары, бұзық кепті.
Ұқсас ең Ақсораңдай алыбыңа,
«Көн тартса деген жұрт ек – қалыбына».
Ойпырым-ай, Ойрантаудың бұлтын қиып,
Балқаштың қалай бардың балығына?!
Сен – мұнда сал да әніңе, шырқа да отыр,
Ел әлі өзің көрген қырқада отыр.
Тектісі жан-жағына тарап кетіп,
Тексізі қарындарын сипап отыр!
Сен – мұнда шырқа да отыр, ал, дүр-өрен,
Құмда – өлең, құрақ та – өлең, шалғын – өлең.
АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК