Бір-ақ сәтте ректор болған сабазың,
Ыңыранып сипап отыр жағасын.
– Ә, білем ғой Қызыларайдың қуларын,
Өскеннен соң іздейді ғой ағасын!
Бір нүктеге екі көзі тесіле,
Мына кісі толғанады несіне?
Ойланады Мәймаң деген кісінің
Кім екенін түсіре алмай есіне!
Айтыкен де, Аманың да қысылып,
Бірін-бірі енді ғана түсініп,
– Ер қашайтын соқыр Мәймаң, емес пе?! –
Деген кезде есіне әзер түсіріп!
О, сұмдық-ай! О, сайтанның соққаны!
Аманың да алабұртып тоқтады.
Оқу қалып… оқ тигендей жүрекке
Айтыкенді әкесінен боқтады!
Ғұмыры – жыр, көңілінің хошы – бай,
Біздің елде әңгіме көп, досым-ай,
Құшақтасып кетіп еді екеуі,
«Пышақтасып» қайтып келді – осылай!
Кеше еді ғой, о да бүгін көне ме,
Өткен күннің елесі өстіп сөне ме;
Аман болса шофер боп жүр ауылда
Ал Айтыкен… ұйықтап жатыр төбеде…
Жылда келіп қаңтары мен тамызы,
Өшті өткен мен кеткенімнің сан ізі.
…Жүргіншіні Ақжарықтың бойында,
Күлдіреді Айтыкеннің аңызы.
АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК