Бірақ… Мынау Жарылғабың ешқашан

Бірақ… Мынау Жарылғабың ешқашан
Махаббатты… кешірмейтін секілді!
Зіл, ашуы – немененің желігі,
Көргенім жоқ мұндай озбыр періні:
– Сен, шық! – деді бір кезде ол баж етіп
«Ер Төлеген!» Ақсұңқардың Серігі!
Көкірегімнен күңіреніп бір күй ақты,
Сүйретіліп мен де шықтым. Ұят-ты:
Мойынына қара таңба басылған
Хунбэйбиннің құрбандары сияқты –
Тұрдым боздап! Он үштегі төл едім.
Күнәм үшін көз жасымды төледім.
Әлі есімде, Бәтимаға ғашық боп
Сонда жазған ең алғашқы өлеңім!
«Жұмбағымды шешші! Мынау хош таңда
Айналсақ қой айрылмайтын достарға.
Не болады – сенің жұмыр жүрегіңе
Менің жұмыр жүрегімді қосқанда?!»
Дүр сілкінді Ақжарықта тау іші:
«Бұл баланың ісі емес – жау ісі!»
Гүж-гүж етіп құлағымда тұр әлі
Жарты құдай – Жарылғаптың дауысы:
– Өзің айтшы, тез түлеген түлегім!
Түсініксіз түтеп тұр ғой түр-өңің?
Не болады – сенің жұмыр жүрегіңе
Қосқан кезде… оның жұмыр жүрегін?!
У-ду күлкі… Тұрмын мәнін танымай,
Жарылғаптың қағынды алған қаны-ай!
Шапалағы зілдей екен, жалт етіп
Жақ отымды жарқ еткізді! Жаным-ай…
 
 
 

АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *