Біздің шалдар жерге түскен сақалы

Біздің шалдар жерге түскен сақалы,
Аузын ашса, мәтелі мен мақалы,
Ақжарықтың қуырады апшысын,
Ашуланса, Абылайдан қаһары.
Аңшы Зейнұр, тазысы көп, құмайы,
Шешен – Мұхтар, Шыңғысхандай шырайы.
Әттең, шіркін, кештеу туып, кем болған,
Ерте туса, би болатын сыңайы.
Не күн туды басынан сөз асырып?
Ақжарықтың толқынындай тасынып,
Ит те, құс та басқарма боп осы елге,
Екеуі де алған әбден ашынып…
Ойы ордалы, от ұшқындап көзінен,
Бір айтты ма, қайтпайды сол сөзінен.
Аупарткомды, обкомды да қойды енді,
Сөйлесіп жүр Сталиннің өзімен!
Тірі болғай, Мұхаң, Зекең екеуі,
Біздің көрген құқайымыз жетеді!
…Аупарткомның нелер қатал хатшысы
Мұнда келсе жымың-жымың етеді…
Басқарма боп келсін небір көкеңіз,
Иығынан қағып-қағып өтеміз.
Шертіп көрсін маңдайынан біреудің,
Не істер екен Мұхаң менен Зекеміз!
Жас та болған, ішіп-ішіп мас болған,
Бастықтар бар сұлуларға бас салған…
Енді тиіссін Қызыларайдың қызына,
Екі аяғын келтірейік аспаннан!
 
 
 

АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *