Боп-боз болып шыға келді Басқарма!
Көктен жынын шашатындай жұлқынып
Найзағайлар от бүркеді аспанда…
Ойлай-ойлай үнемі осы һақында
Бір маза жоқ қасіретті ақында,
Көкірекке көктей өксік тірелді.
Сонда Ақсораң албастыдай түнерді.
Біраздан соң… шықты-дағы… Фатима…
Жұртқа қарап өксіп-өксіп жіберді!
Жаны толы – қасірет пен берішке,
Жеңілген қыз жендетпенен керісте
Кетті үзіліп… керілген сым ішектердей:
Еңкіш тартқан… өлер шағы жеткендей…
О, сұмдық-ай! Он үштегі періште
Бір-ақ сәтте кемпір болып кеткен бе, ей?!
Зар иледік – кесапатты кеш біліп,
Соғыс – жендет тілімізді кестіріп
Шошып кеттік сол кесірлі есіктен!
Жаман хабар қашан жетпей, кешіккен
«Екіқабат болыпты, – деп естідік –
Белі шықпай жатып сол қыз бесіктен!!!»
Есік қақты бір күні біреу даладан.
«Не болды?!» – деп атып тұрды жан анам.
«Фатима өлді… босана алмай… баладан!!!»
Өткен шақты еске алмаймыз бекер біз,
Қалай ғана соны ұмытып кетерміз?
Кең ғаламда Кесірге жоқ – кешірім!
АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК