Безеріп – іші, ылғи беті – күлген,
Кердеңнің өзін сипап кекілінен, –
Бауырыма басып алып, Саған келдім,
Жесірін Жер бетінің, жетімімен!
Көк Түркі, Көк Бөрінің тұқылы бір, –
Үкілі Ұл,
Үкілі Қыз,
Үкілі Жыр, –
Иманы Яссауидің жан тербеген,
Исатай – Махамбеттің тұқымы –
Бұл!
Алтынмен ер-тұрманын өрнектеген,
Бекзаттық біткен жұрт ек жөргекпенен.
Бай болған, бағлан болған құл-құтанға,
Құдайым, таупық бере гөр деп келем…
Ел –
Жер –
Ер–
Үшеуін Үш Таған көрдім.
Соған – серт!
Сен нұсқаған заманға ердім.
Жеті қат жер астына түсіп-шығып,
Жетем де – Жеті Жарғы –
Саған келдім.
АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК