Батпаса егер жаныма жендеттердің тізесі

Батпаса егер жаныма жендеттердің тізесі
Жер-көктегі Пәктікті түсінер ме ем, ар-ұят!
Өмір деген Жұмбақты түсінбес ек біз осы –
Өлім деген болмаса, айналайын, Табиғат!
Алмастырсам қашанда алмастырам батыл мен
Жауынгер мен диқанның мылтығы мен күрегін.
Салғастырсам қашанда салғастырам ақын мен
Арамзаның жүрегін!
Өмірде де, өлеңде күйіндіріп, үркітіп,
Қайшылықтың қырғыны тоқтар емес қан ағып.
Дарынсыздың бәрін де кетер ме едік пір тұтып
Егер Данте болмаса, айналайын, Даналық!
Ата-бабам тарихтың құдығынан сор ішті.
Болашаққа сенді олар, оның өзі – ұлылық.
Кетер ме едік шошынып пушкасынан орыстың
Егер Пушкин болмаса, айналайын, Сұлулық!
Концлагерьлерде біз азап шегіп, қиналып,
Бостандықтың қадірін қапаста қап түсіндік.
Гитлердің өзіне кетер ме едік иланып –
Егер Гете болмаса, айналайын, Шындық!
 
 
 

АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *