Бас игендер Сталинге – күштіге,
Қалды да үнсіз қара бет боп арысы –
Сұмпайылық тұғырынан түсті де,
Басталды енді Сұлулықтың жарысы.
О, Сұлулық! Болдың бұрын қай елде?
Біздің жер де саған тәнті мекен ғой.
Дүниеде тыр жалаңаш әйелге,
Тең келетін ештеңе жоқ екен ғой!
Еуропа… Азиялық Падиша!
Ауданнан да ару шықты, ал, қалай?
Мұхаметті ғашық қылған Хадиша
Қасымызда жүр екен ғой… жалған-ай!
Биыл біздің әйелдерге қонды бақ,
Заман оған аққу бол да – ұш! – дейді.
…Мен білетін бір әйел бар… ол бірақ
Бұл додаға түспейді ғой… түспейді.
Мынау халық соңына еріп елестің
Білмей жүр ғой қайда екенін һас тұлға.
Жер бетінде одан артық жоқ ешкім,
Ару жоқ қой сондай – аспан астында.
Сұрамашы кім деп, онсыз азайып,
Ортайған жоқ сұлулығың мол әлі.
Ол – өзімнің құпиям ғой ғажайып,
Һәм ғаламның құпиясы болады.
Ол – құпия. Құпиясы ол ғаламның,
Ғаламзатқа көрінбеуге хақылы.
Атомды да ойлап тапқан адамның,
Жетпейді іздеп табуға оны ақылы.
АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК