Ақжарықтың ақ арнасы – ертегі.
Ертегінің перзенті еді – ерке елі.
Қызыларайдың қырық қызы қақында
Неше түрлі хикаяны шертеді…
Жасынды аспан қақ айрылып жыртылып,
Тұман тарқап, басылған соң бұлт ұлып…
Соғыстан соң бой жетіпті қырық қыз,
Осы қырда – қырық гүлдей құлпырып!
Аңыз көшті арқада осы тау жайлы.
Асау жүрек құлын-тайдай аунайды:
Қырық үйден қырық сұлу шыққанда
Қызыларай Гүлстаннан аумайды!
Арқау болған аңыз бенен дастанға
Қырық қыздың атақ-даңқы – аспанда.
Қырық үйден қырық ару шыққанда
Аузын ашып қалады екен Басқарма!
Қыз дегенің бола ма екен қылықсыз?
Көзбен көріп, жүрдік іштен тынып біз.
Абақ қойшы алпыс жасқа толғанда
Күллі ауданды күткен осы – қырық қыз!
Соған бәрі тамсанатын – тамсанса.
Солар салды жансыз тәнге – жан салса.
Қырық бұлбұл сайрағандай болатын
Қызыларайдың қырық қызы ән салса!
Қызыларай – қырық қыздың кеніші.
Әнге толды, сәнге толды ел іші:
Шықпай қойды осы ауылдан, арқаның
Сал Біржаны, перісі, Ақан серісі!
АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК