Жақында өткен Үкімет мүшелерімен өткізілген жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құзырлы органдарға педагогикалық мамандар мен институттарды тәртіпке келтіру керектігін тапсырған болатын.
Биылдан бастап мұғалім болғысы келетін түлектерге талап күшеймек. Педагогикалық мамандықтарға құжат тапсыруға ниетті талапкер ұлттық бірыңғай тестілеуден 70 балдан кем ұпай жинамауы тиіс. Білім және ғылым министрлігі шектеулі балды 70 ұпайға арттыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы министр Асхат Аймағамбетов педагогикалық жоғары оқу орындарының студенттерімен кездесуде айтты. Оның айтуынша, педагогикалық мамандықтарға құжат тапсыратын түлектердің 70 пайызы — ұлттық бірыңғай тестілеуден ең төмен балл жинағандар.
ШЕКТЕУЛІ БАЛЛ — 70 ҰПАЙ?
Елімізде жыл сайын 50-60 мың педагог маман университеттерді бітіреді екен. Олардың тек 10 мыңға жуығы ғана мектепке жұмысқа қабылданады. Ал көпшілігінің мектепте жұмыс жасауға ықыласы жоқ.
Ең үздік мектеп түлектерінің арасында мұғалім мамандығын таңдаушылар тым аз. Бұған білім беру гранттарын тағайындау конкурстарына қатысуға берілген өтініштерден байқауға болады. Мықты талапкерлер педагогика бағытын үшінші не төртінші кезекте таңдайды екен.
«Бұдан педагогикалық мамандықтарға мектепте сабақты жақсы оқымаған түлектердің көбірек түсетінін байқаймыз. «Алтын белгі» иегерлерінің 12 пайызы ғана педагогтік мамандықты таңдайды», — дейді Асхат Аймағамбетов.
2018 жылы педагогикалық мамандықтарға түсу үшін шектеулі балл 50 болған-ды. Былтыр бұл көрсеткіш 60 балл болды. Биылдан бастап министрлік шектеулі ұпайды 10 балға жоғарылатып, 70 балға дейін көтермек.
ТАЛДАУ НӘТИЖЕСІ:
100 АДАМ ОҚУҒА ТҮСІП, 800 ТҮЛЕК БІТІРЕДІ
Ресми мәліметтерге сүйенсек, қазір еліміздегі 85 университетте педагог мамандар даярланады. Дегенмен, олардың арасында сапасы сын көтермейтіндері де жетерлік. Сол себепті министрлік олардың санын 85-тен 20-25-ке дейін қысқартуды жоспарлап отыр.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов университеттерге талдау жүргізгенде оқуға 100 адам түсіп, 800 адам бітіріп шығатынын анықтаған.
«Сапалы білім беретін университеттер студенттерді ойланбастан шығарып жібереді. Ал «шаңсорғыштар» мұндай жастарды жинап алады. Сөйтіп, оларға диплом береді», — деді Білім және ғылым министрі министрліктің алқа отырысында.
Бұл мәселені шешу мақсатында министрлік дипломдарды цифрландыруды қолға алмақ. Біріншіден, «blockchain» электрондық дипломдары (жүйесі) әзірленеді. Екіншіден, тарихи ақпарат цифрландырылады. Министрлік деректер қорын 1970 жылға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.
Айта кету керек, жақында ғана сот шешімімен Шымкенттегі ең үлкен университет жабылды. Аталған университетте 30 мыңнан астам адам оқыған. Онда шын мәнінде дипломдар «басып шығарылған» екен.
Г.БАЗЫЛҚЫЗЫ
P.S. Мақала «Ақтөбе» облыстық газетінен ықшамдалып алынды.