Үй толы – қағаз. Қағазда

Үй толы – қағаз. Қағазда –
Махаббат жайлы өлеңдер!
Жылдарым зулап көшті енді,
Шер тарқар күнім жақындап,
Өртеніп жатқан пештегі
Суреттерімдей лапылдап!
Көзді арбап жырдың әуені,
Көрінбей ешкім көзіме,
Газетке бермей әуелі
Оқыдым қыздың өзіне.
Таң қалды: «Неткен шерлі адам!
Тұла бойы толы ар ма екен?
Осынау жырды арнаған
Қызда да арман бар ма екен?!»
Өзіме өзім сенбедім,
Тірі жан түспей көзіме.
«Бұл жырды жазған – мен, – дедім
Аманат болсын өзіңе…»
Қарады ол көзбен бір мұңды…
Өмірде аз сондай мезеттер.
…Сонан соң сол бір жырымды
Әкетті қағып газеттер.
Білмейтін сырды енді ешкім
Айтайын, бірге егілсек,
Сол қызбен бүгін кездестім…
Неткен қылықты келіншек!
Тағдырдың тарпаң жолдары,
Енді оған, шіркін, сенер ме ел?
«Есімде – дейді – сондағы
Махаббат жайлы өлеңдер…»
 
 
 

Ақсұңқарұлы Серік

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *