Таптық енді қайдан біз, жас ағады жанардан,
Қанаты бар қайран құс ұшу үшін жаралған.
Шегін кезіп жер-көктің, қанатынан жыр есіп,
Мұңға батып мен кеттім Муза – құсқа ілесіп…
Қайран, шешем…
Жүрегім аптығады ах ұрып,
Құс базары бұл өмір – Ақсұңқарың шақырып!
Соны шарлап қайтайын жырды көңіл хошы ғып,
Құстар әнін айтайын Нұрғисаға қосылып.
* * *
Таң атады.
Түс.
Ымырт,
Түн кіреді.
Естіледі Музаның мұңды лебі.
Эрмитажда күліп тұр Джоконда,
Жылап тұрған шығар ол?
Кім біледі.
Түсімде де өмірді, өңде көріп,
Сан түскенмін сабама жөнге келіп.
Қызыл-жасыл дүние көшіп жатты,
Көз алдымда көлбеңдеп, дөңгеленіп.
Арғымақтар даланы, саланы асып,
Жердің шаңы бұлттармен араласып –
Дүр етті де жоқ болды, бәйгені де,
Көкпарды да аспанға ала қашып…
Қала біткен қыз құсап боянады.
Қызықтырмай, қаратпай қоя ма әрі.
Отырардың түсіне Помпей кіріп,
Ұйқысынан шошынып оянады.
Жан рақаты джунгли жанатынан,
Хиросима үстінде – қара тұман.
Ақсұңқарұлы Серік