Қонақта да оның орны жоғары,
Бәйек боп жүр Орындықтар Қоғамы.
Отырып ап Кресло-ақымақ
Неше түрлі фәлсафаны соғады!
Былықтырған Кресло – қаскүнем,
Еңбектейді енді жердің астымен.
Ішкіштермен сыбанып ап білегін,
Күреседі Кресло – Маскүнем.
Ай – сұлулар аңыз болған ертеде,
Кресло Дон-Жуанға еркелеп…
Кресло – суретшінің эскизі
Эрмитаждың есігіне ентелеп…
Қаламымды аңыз алып қашады,
Мен ашпаған есіктерді ашады.
Пайда болып Кресло – жазарман
Кресло – оқырманды жасады!
Жетер енді!
Оған неге қорындық?
Орын ғып бір аламыз ба ор үңгіп?!
Осы өлеңді әзер жаздым, сықырлап
Астымдағы тозып біткен орындық…
* * *
Ғалия, жаным, аяулы Періштем едің.
Серікке – серік болуға келіскен едің.
Бейіш дер едім өзіңмен өткен өмірді,
Періштем едің кездескен бейіште менің.
Ғалия, жаным, аяулы Періштем едің.
Он сегіздегі мазасыз кезімдей шынар,
Кез келді-ау маған дөңбекшіп көз ілмей шығар.
Алатау жақта туғаның болмаса, жаным,
Көкшетаудағы Ғалия өзіңдей шығар?
Ақсұңқарұлы Серік