ҚАРАҒАНДЫДАҒЫ ПУШКИН ЕСКЕРТКІШІ

Мәрмәр – Пушкин!
Мен саған жат емеспін.
Қаршадайдан өлеңмен қатар өстім.
Қателессем – өмірді сенше сүйіп,
Сенше күйіп жүргенде қателестім.
Мәрмәр – Пушкин!
Мен саған жат емеспін.

Өмір өтті ойлардың орманында.
Өсек-аяң – Ақынның соңдарында.
Әлі, әлі Дантес бар тірі жүрген –
Пистолет жоқ тек қана қолдарында!
Мен де оққа нысана болғаным ба?

Бір сыр билеп келеді жүрегімді,
Жалт қаратар естісе гүл-өңірді.
Өмір дейміз бәріміз. Ерлер түгіл –
Ездерің де сүйеді бұл өмірді!
Бір сыр билеп келеді жүрегімді!

Жыр жолына жанымды бақшыладым.
Жақсылыққа шырағын жақсын арым.
Болашақ кеп қолымнан алса бүгін
Алтын емес, Ақиқат тапсырарым!
Жыр жолына жанымды бақшыладым.

Өзің көрші!
Көрмесең – сенбес едің:
Күнде күйкі пендемен белдесемін.
Сені таптым, пендесі бар өмірге
Періштесі болмаса – келмес едім!
Өзің көрші! Көрмесең – сенбес едің.

Артық айтсам кешірші мені, ерім,
Еріп кеттім жез едім, темір едім.
Самолеттен түскенім жаңа ғана,
Мұқағали бейітінен келіп едім…
Еңірегім келеді, еңірегім…

1977 ж.

 
 
 

Ақсұңқарұлы Серік

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *