Тым-тырыс, сөз айтуға тіл күрмеліп,
Келемін шыққан бетке бастап тура-ақ.
Ұзамай кез болыстық бір терекке,
(Ол-дағы демеу болды жас жүрекке).
«Сәулешім, осы араға тұрайық» деп,
Бұрылып тура жолдан шықтық шетке.
Бұраңдап тал шыбықтай тұрды жаным,
Бір минут аялдауға жоқ амалым.
Сол жерде ауызға-ауыз тиіп қалды,
Сәулешім тәтті аузынан берді балын.
Сәулешім құшағымда тұрды еркелеп,
Дәл тар төсек сықылды болды терек.
Жайқалған жапырағы шымылдықтай,
Сыбырлап бізді тұрды көлеңкелеп.
Табиғат тамылжыды майдай болып,
Бұлт тарап, әуе ашылды шайдай болып.
Жұлдыздар жымыңдады бізге қарап,
Ай-дағы күлімдеді жеткен толып.
Сүйгеніммен екеуміз сыр айтыстық,
Сыр сандықтан шыққан сөз болмай ма ыстық.
Тағы біраз сүйісіп алдық-тағы,
Тәтті өмірдің жайынан жыр айтыстық
Осылай тұра бердік құшақтасып,
Табиғат еркелетті қойнын ашып.
Сол кезде күн шығыстан таң белгісі
Сарғайды жер жүзіне нұрын шашып.
Сонда да елең қылмай емін-еркін
Сүйісіп түрдық тағы екі ғашық.
Таң нұрымен құлпырып жер ойнады,
Жер бетінде ызыңдап жел ойнады.
Қораздардың қып-қысқа әніменен
Кемпір-шалдар бас болды, ел оянды.
Тоқтамай ма дүние сабыр етіп,
Тоқтатуға бізде де жоқ қой тетік.
Табиғаттың еркесі алтын күннің
Ыстық нұры лезде келді жетіп.
Сүйіп, жанап, жағалап өте беріп:
«Қайт» дегендей ым қақты, жымың етіп.
Бізде ерік жоқ, биледі жастық жалын,
Минут сайын барады елжіретіп
ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ