Ол сүңгісе біз тұрамыз елеңдеп,
Ол не десе соған көзсіз сенем кеп.
– Мұхитты да, теңізді де көріп ем,
Тоқырауын бәрінен де терең! – деп.
Жүзуші еді денесімен топ-толық,
Атылып кеп сүңгуші еді оқ болып –
Айтқанына дәлел іздеу үшін сол
Алпыс минут… кететұғын жоқ болып!
Ол келгенше… болғанынша екінді,
Біз қиялға батушы едік не түрлі.
Тоқырауынның түбін көріп қайтқанша
Бір сағаттай жүзетұғын секілді…
Судан шығып, отырған соң жартасқа,
Шабыттанып сөйлейтін сол марқасқа.
– Тоқырауын құмға сіңіп… о, ғажап,
Жер астымен құяды екен Балқашқа!
Бұл әңгіме өңің емес – түсіңдей,
Біз тұрамыз аң-таң қалып – мүсіндей.
Құмға сіңіп кететұғын өзеннің
Көлге барып құятынын түсінбей!
Домбыраны қолына алса аңырап,
Шанағында сазды әуендер жамырап, –
Тоқырауын тұрушы еді сол кезде
Манарбектің мақамымен маңырап…
Жағалаудан жеткен талып жотаға,
Неткен сиқыр әуен еді? О, тоба!
…Оның аты «Тоқырауын» күйі еді,
Ол да бірақ түспей қалды нотаға…
Сол ағаның соңынан сан ұштық кеп,
Сол ағамен талай суға түстік кеп.
Ақсұңқарұлы Серік