– Амансың ба?
Қандайсың бұл күндері?
Танымай да қалуың мүмкін мені?
Жас дәуренім өтіпті тез менің де,
Хабарсызсың…
Мәңгіге безгенің бе?
Сен түсесің есіме жалғызсырап,
Жабыққан кездерімде…
– Гүл ғой – жастық, күзге қап – үсіп кеткен.
Сөйлегендей болдың-ау түсіп көктен?
Мен де жалғыз отыр ем…
Келіншегім
Жолаушылап Ташкенге ұшып кеткен…
– Жалғызсың ба? Адамды, ая, Құдай!
Жаным, міне, жалынды жай оғындай.
Күмілжімей… Жетсеңші!
Аэропорттан
Күтіп алам бас иіп баяғыдай!
– Кездескен жөн… Айтатын сөзіміз көп,
Гүл ғұмырдың күрсінген көзіміз деп.
Мен сені іздеп барған ем талай рет,
Енді бір сәт келсеңші өзің іздеп?!
…Бірге жүре алмадық біз белеңде,
Жүрегім – мұз.
Кетпейтін сыз – денемде.
Нанатұғын бір сылтау неге айтпайсың
Табатұғын едің ғой – іздегенде?!
Ұмытпайды бір әйел мәңгі мені.
Түн ортасы.
Күз…
Басым мәңгіреді
Осы түнде айтты екен қаншама адам
Неше түрлі құпия әңгімені…
Ақсұңқарұлы Серік