СҰЛУДЫҢ СЫМБАТЫ

Қара көз, қиылған қас, жазық маңдай,
Алма бет, ақша жүзі нұр тамғандай.
Қыр мұрын, оймақ ерін, меруерт тіс,
Бейне мақпал қызыл тіл шекер балдай.
Төгілер иығына қара шашы,
Жібектей жүз құлпырған дамыл алмай.
Күмбездей жарқыраған мойыны бар,
Тамағы күн шалмаған ақ торғындай.
Тік иық, сүмбіл білек, кербез кеуде,
Қос емшек ақ төсінде қос алмадай…
Мықыны тар, қиылған қыпша белі –
Бұралған бейне нәзік пружинадай.
Бөксесі дөп-дөңгелек қызықтырар,
Жұп-жұмыр кіршіксіз ақ саны қандай.
Күлкілдеп балтыр еті, екі аяғы –
Түп-түзу мергендердің мылтығындай.
Еш мін жоқ, көз тойғысыз сырт тұлғасы,
Заказбен мрамордан құйылғандай.
Ақ көңіл, таза пейіл, уыз жүрек,
Сырт қандай болса, дәл іші сондай.
Кішіпейіл, білімді, ойы зерек,
Ибадатты боп келсін, арсызданбай.
Қара көзін төңкере қарағанда,
Кірпігінен құлпырып нұр тамғандай.
Жымың қағып, еркелеп сызылғанда.
Балдан тәтті қылығы – ес танғандай.
Жарқ-жұрқ етіп тұрғанда, жүргенінде
Көзге түсер таудағы ор құландай.
Нәзік даусы сыңқылдап күлгенінде,
Аққу құсы айдынның ойнағандай.
Жүз бұралып, сызылып шыққан үні,
Қос сандуғаш бақшада сайрағандай.
Жібек желдей тәніңе тисе лебі,
Бойы балқып, ойыңды арбағандай.
Он жеті мен он сегіз шамасында,
Көзді тартар кенеттен туған Айдай.
Болар ма еді арманың бұл жалғанда,
Жарың болса өмірлік дәл осындай.
Болмаса егер, амал не, тудың, өлдің
Дәл осындай сұлуды ойлай-ойлай.
1935. Орал
 
 
 

ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *