ПЕРІШТЕ

Түсі суық тағдырдың, түнерулі.
Жыларыңды білмейсің, күлеріңді…
Соғысса да ол мені жеңе алған жоқ,
Жаралады тек қана жүрегімді.
Жылайсың да, қайтесің, күлесің де,
Талай-талай дүрбелең жүр есімде.
Күрессе де ол мені жыға алған жоқ,
Итерді кеп тек күл мен күресінге…
* * *
Жылнамамның отыз бес бетін ашыппын,
Кезім бар шығар арнамнан кеткен асып тым.
Тірлігін кешіп көргем жоқ тегі Пасықтың,
Асықтым… Асқақ мұраттарыма асықтым.
Отыз бес… Осы жасаурап неге отыр көз?
Көктемім қайда, көз байлап жүрген соқыр кез?
Суыма, жүрек, он сегізіңнің отын сез!
Жер Күнді қанша айналып шықты? Отыз бес!
Отыз бес рет айналдым Күнді – һас тұлға,
Отыз бес рет кез болдым ба екен тасқынға.
Арбалдым, иә… Таң қалдым көзімді аштым да:
Өмірден өткен ғажап жоқ аспан астында!
О, Өмір! Саған ғашықпын! Мәңгі ғашықпын!
Сұлулығыңа тәнті боп көзімді ашыппын.
Ғұмыр сүруге хақысы бар ма пасықтың?
Асықтым… Соны айтуға ғана асықтым…
Жігіт ағасы – кешегі тентек бүлдіршін,
Менімен жүрсін бүлдіршін… сол не бүлдірсін?
Зілзала ойлап шығарды-ау небір білгір сұм…
Жер Күнді қанша айналар екен? Кім білсін…
 
 
 

Ақсұңқарұлы Серік

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *