ОРТАҚ МҰҢ

Ортақ мұң әркімнің-ақ ойын тербеп,

Азаттық жыры айтылса-ақ арман кернеп,

Намысы әр әйелдің түрткілейді,

«Сараны сайратуға жәрдем бер» деп.

Біреуі ақық моншақ, бірі тана,

Алып кеп: «Омырауыңа,— дейді,— қада».

Шеріктеп, кездеп шығып шайы көйлек,

Табылды қамзол тігер Қатипа да.

«Құралмақ көп түкірсе көл» дегендей,

«Жармысын бүтініңнің бөл» дегендей,

Біреуге біреу осылай пейіл тауып,

Азаттық жыр тыңдауға шөлдегендей.

Аз күнде-ақ «қыз» атандым бойым сылап,

Оқалы қамзол киіп, белді қынап,

Шоқпардай үкі таққан кәмшат бөрік,

Ақша жүз ажарыма тұрды ұнап.

Көтерген көп көмегі бір баланы,

Көрікті киімдерге жырғалады,

«Базарлық», «орамалым» деген атпен,

Сақина, болды күміс сырға-дағы.

Кешегі күл-көмеште ескен басым

Толықсып, толған Айдай ырғалады.

Ары өтіп, бері өткені «сыйлық» тастап,

Көбейді қызға «ұнамақ» мырза дағы.

Көркейіп, сырт пішінім өзгергенмен

Кетпейді жүректегі ызғар әлі.

Сара Тастанбекқызы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *