Он шақтысы оққа ұшып

Он шақтысы оққа ұшып,
Қырық шақтысы жалпылдап,
Жер бауырлап, еңбектеп,
Тасбақаша тырбанып,
Жалғыз ерді жеңе алмай,
Кете жаздап жынданып,
Нұрсыз шегір көздері
Қанға толып ышқынып,
Келіп қалды жақындап,
Оқ жыландар ысқырып.
Нақ сол кезде белестен
Сырттан шықты арсылдап,
Және сол кезде естілді
Ат тұяғы тарсылдап.
Мұны естіп фрицтер
Үркіп ала жөнелді,
Мылтықтарын лақтырып.
Шеше тастап шинельді!
Келе жатты бір взвод
Қылыштарын үйіріп,
Жау басына нажағай
Атар бұлттай түйіліп,
Нақ сол кезде ер Сұлтан
Атып тұрып орнынан,
Автоматтан боратып,
Түсті жаудың соңынан.
Взвод жетті арттағы,
Жер сілкінтіп, «Уралап!»
Өте шықты еңсеріп,
Фрицтерді туралап.
Офицері немістің
Жалғыз ғана сол қалды,
Секірді де бір жардан
Зым-зия боп жоғалды.
Көп іздеді жігіттер
Сезілмеді дәнеңе.
Арты жар да, алды өзен,
Қайда кетті ол неме?
Сырттан жүрді жүгіріп,
Су жағасын искелеп…
Бір мезетте секіріп,
Өршелене үрді кеп.
Сұлтан сонда «айт?!» деді,
Сырттан кетті күмп беріп,
Өзеннің өр толқынын
Кеудесімен итеріп.
 
 
 

ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *