Ал, сөйле, дүбірге еніп, күңіреніп,
Шөлдесек – сусыннан бір сімірейік.
Құдай-ау, кімге оқимыз енді өлеңді?
…Мұқаңның орыны тұр үңірейіп…
* * *
Сықырлайды креслом. Кеңседемін.
Келген елді еркіммен еңсеремін.
Ел тағдыры миымды шағып әбден
Көтере алмай басымды… теңселемін.
Мұрша бермей қойды-ау жұрт дамылдауға,
Қарай алар шама жоқ дабыр, дауға.
Бірінен соң біреуі… Бәрін бірдей
Үлгеретін емеспін қабылдауға.
Екшейтін мен: жөн бе екен, теріс пе екен,
Пәтуаға көнбейтін керіс пе екен…
Хатшы қыз да қалқиды аққуға ұқсап,
Ғалияның өзіндей періште екен!
Бұл Жібектің кім екен Төлегені?
Көрген сайын көзге нұр бөленеді.
Бір телефон сұңқылдап сөйлеп жатса,
Бір телефон… безілдей жөнеледі.
Неткен ғажап ел-жұрттың мұрат – әні,
Ілтипаты кісіні жылытады.
Баспалардың бастығы телефондап,
Қолжазбамды қолқалап сұратады!
Мен кім едім? Осы жұрт не біледі
Дабырайтып алған-ау, тегі мені?
Жыршы біткен өлеңін маған арнап,
Сыншы біткен бас иіп, егіледі.
Ақсұңқарұлы Серік