Еңкейіп бара жатыр Күн бесінге,
Панфилов гүл-бағының іргесінде –
Ортаға ақынды алып отырғанбыз
Шөл басып Алматының шілдесінде.
Бұлдырап түрғанменен келешегі,
Мұқаңның айдарынан жел еседі.
Жарқылдап отырса да, жампозыңның
Жағдайы онша жақсы емес еді…
Жарықтық жабыққанда – жан-тән налып,
Шаттығын шақыруға шампанды алып –
Егіліп тірі жүрген Есенинге
Елжіреп біз қараймыз аңтаң қалып!
Жыр әлі – шикі, соған күнәліміз,
Көңілден сейілмеген тұманымыз.
Өзгеше өлең оқып сонда-дағы
Келеді ұлы ақынға ұнағымыз!
Біреулер қызды мақтап, жырды мақтап,
Біреулер бос шөлмектей шылдырап қап…
Бір қызға Шайтанкөлде ғашық болып,
Бірдеңе жазғам мен де былдырақтап…
Сол сәтте соны оқысам жететіндей,
Жұртты – таң, ақынды – ырза ететіндей.
Кезегім (керуен соққыр!) келмей қалып…
Отырмын жарылып-ақ кететіндей.
…Мұқаң – жоқ! Өрт өргендей өзегіміз!
Өзгеше кескінде екен кезеңіміз.
Қасымда – Бауыржан мен Светқали,
Келіп ед енді біздің кезегіміз!
Ақсұңқарұлы Серік