Қиялында бәрі Айға ұшар, шіркін,
Ұқсап бір тірі латынға –
Өмір туралы айтысар, мүмкін,
Айтысар өлім хақында?
Жаны жоқ мәрмәр мүсіндейміз біз,
Қараймыз текке шұқшия.
Не айтады екен? Түсінбейміз біз,
Латынша бәрі – құпия!
О, Латын тілі!
Зырлап – ендікті,
Жырға орап гүлдей құлпырған!
Вергилий сенде жырлап ерлікті,
Ездікті – Цезарь тұл қылған!
Уақыттың Дауылын сезінем мен де,
Мәңгілік деген бекер ғой.
Ділдер түгілі, кезі келгенде –
Тілдер де өледі екен ғой!
Замана дауылы!
Сұңқылдап үні
Қанша жан өлді – түс білем,
Сан өтерсің-ау бұрқылдап әлі
Бұл жұмыр жердің үстінен.
«Жаһангерім!» деп мәлімдедім,
Осылып сұм ой діліме.
Түгім жоқ бұлдар – бәрін беремін.
Тимеші ана тіліме!
Есігіңді ашпа есіре күштерге,
Жалмауыз күштерге жат үні.
Зәрем ұшады есіме түскенде
Латынның Соңғы Ақыны!
Ақсұңқарұлы Серік