О, Латын тілі!
Жарқылдағансың
Жаһанның жауындарында.
Цицерон болып саңқылдағансың
Тарихтың дауылдарында.
Тәржімалайын: азап – ділімде,
Естіліп сонда жат үні,
Сөйлейді дерсің қазақ тілінде,
Латынның соңғы ақыны.
«Жаһангермін, – деп мәлімдемедім,
Осылып сұм ой діліме.
Түгім жоқ бұлдар – бәрін беремін:
Тимеші ана тіліме…»
Күйкі ойлардан барамын күйіп…
Ұйқыда қала тұр сұлық.
Ауруханалар қабағын түйіп,
Қарайды маған күрсініп.
Темір шарбақты алаң бар сонда,
Барам ба қайтем – шақырса?
Ақ халат киген адамдар сонда
Сөйлейді екен латынша…
Ақсұңқарұлы Серік